Ташкент облысы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, туризм және жалпы барлық салаларда үлкен әлеуетке ие. Кейініг жеті жылда аймақ экономикасы 1,5 есеге өскен. Өнеркәсіп кәсіпорындарының саны екі есе артып, 12 мыңға жеткен.
Алайда бар мүмкіндіктер толық пайдаланылмай отыр. Мысалы, облыстағы жалпы жердің тек 25 пайызы ғана ауыл шаруашылығында қолданылуда. Әр гектардан түсетін табыс басқа өңірлерге қарағанда төмен. «Бекабад» және «Ахангаран» қалалары, «Аққорған», «Чиназ», «Піскент» аудандарында қайта өңдеу деңгейі өте төмен. Азық-түлік қауіпсіздігі мен жеміс-жидек экспорты да әлеуетке сай емес.
Жиында жерді пайдалануда тиімділігін арттыру шаралары белгіленді. Жоспар бойынша әрбір кластер, фермерлік және шаруа қожалықтарының егіні, өнім көлемі, жұмысшылар саны мен салық түсімі туралы мәліметтер «Агроплатформа» ақпараттық жүйесіне енгізілмек. Келесі жылы жеміс-жидек шаруашылығына маманданған жеті ауданда 52 мың гектардан үш рет өнім алу жоспарланып отыр. 5 мың гектар жерде индустриялық бақтар мен жүзім алқабы құрылады.
Жалпы, 22 аудан мен қаланың жерлері қайта өңдеуші және экспорттаушы кәсіпорындарға байланыстырылады. Осы арқылы келесі жылы 3,5 миллион тонна жеміс-жидек өсіріп, 500 миллион доллар экспорт жасауға болатыны айтылды.
Ташкент облысының инфрақұрылымы мен логистикасы кәсіпкерлік үшін өте қолайлы. Дегенмен өндіріс, сауда және қызмет көрсету орындарының жалпы аумағы үш жылда небәрі 1,6 миллион шаршы метрге артқан, бұл астана көрсеткішінен 3,5 есе аз. Инвестициялық жобалар үшін категориясы өзгертілген 9 мың гектар жердің 2 мың гектары пайдаланылмай отыр. Бос тұрған мемлекеттік нысандар да бар.
Алайда, инвесторлар бұл аймақта «ақылды қала», медицина кластері, жасыл энергетика станциясы салу бастамасын ұсынған. Ферғаналық және ташкенттік мыңдаған кәсіпкерлер жаңа кәсіпорындар, қонақ үйлер, сауда және туризм орталықтарын салу үшін жер іздеп жүр.
Мемлекеттік активтерді басқару агенттігі мен облыс басшыларының бұл мәселедегі баяулығы сынға алынды. Бос тұрған ғимараттар мен жерлерді қолайлы шарттармен аукционға шығарып, олардың негізінде инвестиция, жұмыс орындарын және экспорт көлемін арттыру тапсырылды.
Ташкент облысы әкімі келесі жылы 5 миллиард доллар инвестиция тарту және экспорт көлемін 2 миллиард долларға жеткізу жоспарларын таныстырды. Президент инвестицияның жартысы қазірдің өзінде дамыған «Алмалық», «Ангрен», «Шыршық» қалалары мен «Ахангаран», «Заңгіата» және «Қыбрай» аудандарына бағытталғанын атап өтті. Сол себепті өндіріс пен қызмет көрсету салалары салыстырмалы түрде артта қалған «Аққорған», «Бекабад», «Бөке», «Паркент», «Піскент», «Төменгі Шыршық» және «Шыназ» аудандарында қосымша жобалар әзірлеп, жұмыс орындарын ашу қажеттігі айтылды.
Ташкент облысының әлеуетін пайдалана отырып, бүкіл халықты табыспен қамтуға болады. Келесі жылы облыста 700 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, жұмыссыздықты табиғи деңгейге дейін төмендету, 22 мың отбасын табысты етіп, кедейлікті қазіргі 7,2 пайыздан 4 пайызға азайту, еңбек мигранттарын елге қайтарып, жұмысқа орналастыру басты міндет ретінде айқындалды.
Президент жиында облыс кәсіпкерлерімен де сөйлесіп, олардың ұсыныстары мен бастамаларына ерекше назар аударды және тиісті тапсырмалар берді.