Шавкат Мирзиёев политехникумның қызметімен танысты

    Президент Шавкат Мирзиёев Науаи облысы «Навбахор» ауданындағы политехникумда болды.

    Өзбекстанда ең маңызды мәселелердің бірі – халықты жұмыспен қамту. Осы мақсатта, тұрғындарға сұранысқа ие мамандықтарды үйрету үшін техникумдар желісі дамытылып жатыр.

    Бүгінде Науаи облысында 25 кәсіби білім беру мекемесі жұмыс істейді. Онда 12 мың азамат оқиды. Оларға білікті педагогтар мен 234 өндірістік нұсқаушы тәлім береді.

    2-санды политехникумда 41 оқу және зертхана кабинеті, 350 орындық мәжіліс және спорт залдары, 100 орындық жатақхана мен асхана бар. Мектеп түлектері мен әр жастағы азаматтарға күндізгі, сырттай, кешкі және дуальды оқыту ұйымдастырылған.

    Мамандықтарды тәжірибемен ұштастыруда облыстағы ірі өнеркәсіп кәсіпорындары маңызды рөл атқаруда.

    Мысалы, Науаи тау-металлургия комбинаты өзіне қажетті дәнекерлеуші мен темір ұстасын, «Науаиазот» акционерлік қоғамы химия технологиясының лаборантын, ал Науаи жылу электр станциясы электр монтаждау кәсібіне жастарды мақсатты түрде дайындайды. Осы мақсатта өнеркәсіп кәсіпорындары техникумда өз бөлімдерін ашқан. Студенттер мамандықты игере отырып, атқарған жұмысына сай жалақы алады.

    Махалламен бірлесіп жұмыссыз азаматтар, біліктілігі жеткіліксіздер және жұмыс істеуге ниетті әйелдер де оқуға шақырылуда. Мамандығын жақсы меңгергендер осы кәсіпорындарға жұмысқа қабылданады.

    Президент осы жерде білім алып жатқан қыз-келіншектермен де сұхбаттасты.

    – Сенім мен ұмтылыстарыңыздың барына қуаныштымын. Мамандығыңызды нық ұстап, өмірде өз орныңызды табыңыз. Біз сіздерді еңбегіңізден бақыт табу жолында қолдаймыз, – деді Шавкат Мирзиёев.

    Сонымен қатар, «Менги текстиль груп» және «Навбахор Қоражон» тоқыма кәсіпорындарымен бірге дуальды және қысқа мерзімді оқу курстары ұйымдастырылған. Қыз-келіншектер қажетті дағдыларды меңгергеннен кейін тігін цехтарына жұмысқа қабылданады.

    Ағаш өңдеу шеберханасында студенттер жасаған есік, үстел және орындық секілді жиһаздарға облыс аумағында үлкен сұраныс бар. Олар білім ала отырып, отбасыларына көмекші болуда.

    Мүгедектігі бар азаматтарға ұлттық қолөнер бұйымдарын жасауды үйрететін оқу курстары да бар.

    Сондай-ақ, мұнда Ветеринария және мал шаруашылығын дамыту басқармаларының қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға арналған оқу орталықтары жұмыс істейді.

    Айта кету керек, Науаи облысындағы білім беру мекемелері мен 51 кәсіпорын арасында келісімшарт жасалған. Жыл басынан бері мыңнан астам жұмыссыз азамат оқытылған.