Қазіргі уақытта әлемде экологиялық мәселелер мен табиғи апаттар артып келеді. Біздің аймаққа су тапшылығы қаупі төніп тұр. Сондықтан республикада су үнемдеу технологияларын енгізу, бұл байлықты сақтау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Атап айтқанда, 550 километр каналдар мен арықтар бетондалғаны арқасында 200 мың гектар жердің суару жүйесі жақсарып, жылына 450 миллион текше метр су үнемделіп отыр. Фермерлер мен кластерлер 13 мың километр ішкі тармақтарды бетондады.
Су басқару жүйесі реформаланып, аудандарда суды есепке алу жүйесі қалыптасты, фермерлер су есебін жүргізуді үйренді. Жүйелі жұмыс арқасында биыл жерге екі есе көп су беріліп, тағы 6 миллиард текше метр суды есепке алу қамтамасыз етілді.
Алайда әлі де шешілмеген мәселелер бар. Мысалы, фермерлер мен кластерлерге жеткізілетін әр текше метр суға республика бойынша орташа есеппен 212 сум шығын жұмсалады. Бұхара, Қашқадария және Наманган облыстарында бұл шығын екі-үш есе қымбат.
Соңғы жылдары 1 миллиард доллар есебімен Қаршы, Аму-Бұхара, Аму-Занг сияқты ірі сорғы станциялары жаңғыртылды. Алайда орта және кіші сорғылардың ескі болғаны су құнының өсуіне әкелуде. Бетондау арқылы шығын 10-15 пайызға азайғанмен, 20 ауданда бұл көрсеткіш әлі жоғары.
Жиында осы мәселелерді шешуге бағытталған алдағы міндеттер белгіленді.
Жергілікті орындарда бетондауды қажет ететін 18 мың километр магистралды және 94 мың километр ішкі каналдар бар. Сондықтан келесі жылы бұл жұмыстарға 800 миллиард сум бөлінетіні айтылды.
Өткен жылы техника, жұмыс күші және құм-тас көмегі арқылы бетондау шығыны екі есе азайған. Мердігерлерге цементті тікелей келісімшарт арқылы жеткізу арқылы шығынды тағы 20 пайызға төмендетуге болатыны атап өтілді.
Тағы бір ерекшелігі – бетондалған каналдарда су ағынының жылдамдауы. Бұл шағын ГЭС-терді салып, электр қуатын алуға үлкен мүмкіндік береді. Науаи облысында қуаты 11 мегаватт болатын 148 осындай станцияның құрылысы басталды. Жалпы, аймақтарда 2 мың микро ГЭС құрып, жылына қосымша 600 миллион киловатт электр қуатын алуға болады.
Жауапты тұлғаларға осы бағытта жекеменшік серіктестік шарттарын әзірлеп, кәсіпкерлерге жариялау тапсырылды.
Мемлекет басшысы саладағы жақсы тәжірибелерді атап өтті. Жызақ облысы Достық ауданында су басқаруды ақылды жүйеге көшіру бойынша құны 21 миллион долларлық жоба аяқталған. Суды бөлетін 2 мың нүктеге есептеуіш және бейнекамера орнатылған. Автоматтандырылған басқару арқылы 20 пайыз, суару жүйелерін жөндеу арқылы тағы 10 пайыз су үнемделеді. Су басқару жүйесі жеке секторға беріліп, фермерлермен кооперация құрылады. Алғаш рет алдын ала төлем жүйесі енгізіледі.
Облыс әкімдеріне осы жүйені зерттеп, су тапшылығы бар аудандарда енгізу тапсырылды.
Бүгінде жерлерді суаруға 1 600-ден астам сорғы станциялары қолданылады, олар үшін көп мөлшерде электр энергиясы қажет. Сол себепті 2025 жыл – су шаруашылығында «сорғылардың тиімділігін арттыру жылы» болып белгіленді.
Жеке серіктестік арқылы тиімді сорғы және күн панелдерін орнатып, 20 пайыз электр энергиясын үнемдеуге болады. Мысалы, Хорезмдік диқандар осылай жасап жатыр. Сонымен қатар, күн панелін орнатып, артығын мемлекетке сатып, айына қосымша 7-8 миллион сум табыс табуда.
Жауапты тұлғаларға бұл тәжірибені кеңейту бойынша тапсырмалар берілді.
Республика бойынша 2 миллион гектарда су үнемдейтін технологиялар енгізіліп, өткен жылы 2 миллиард текше метр су үнемделген. Бірақ кейбір алқаптарда орнатылған қондырғылар жұмыс істемей тұр.
Енді бұл қатаң бақылауға алынады. Келесі жылы тағы 500 мың гектарда су үнемдейтін технологиялар орнатылады. Қарақалпақстанда қолданылған лазерлік тегістелген жердің әр гектарына 1 миллион сумнан субсидия беру жүйесі алдағы уақытта Хорезмде де болады. Басқа өңірлерде де лазерлік тегістеу кеңейтіледі.
Көктемгі және күзгі сел суларын жинау – саладағы тағы бір ресурс. Самарқанд, Қашқадария, Сұрхандария, Наманган, Ферғана және Ташкент облыстарында осындай нысандар салып, 50 мың гектарда су жеткізілімін жақсартуға мүмкіндік бар. «Узбекгидроэнерго» компаниясы осы бағытта екі жылдық жоспар қабылдады.
Мемлекет басшысы су шаруашылығы саласында түбегейлі өзгеріс жасаудың бірден-бір жолы цифрландыру екенін атап өтті.
Сорғы станцияларына онлайн бақылау және «ақылды су» құрылғылары орнатылған. Бірақ олардан алынатын деректерді жинап, талдайтын ақпараттық жүйе жоқ. Су тұтынуы мен есебі өте күрделі.
Сондықтан министрлік жанынан Су шаруашылығын цифрландыру орталығын құру белгіленді. Онда су тұтыну және есеп жүргізудің бірыңғай ақпараттық жүйесі іске қосылады.
Жауапты тұлғаларға су шаруашылығында 2030 жылға дейінгі ең маңызды жобалар бағдарламасын дайындау тапсырылды.
Жиында қаралған мәселелер бойынша министрлер, әкімдер және сала мамандарының пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды.