Кездесудің басында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, бұл бағыттағы негізгі мақсаттар мен қол жеткізілген нәтижелерді атап өтті.
– Кәсіпкерлікті дамыту – біз үшін стратегиялық міндет. Біздің тірегіміз де, сүйенеріміз де, ең үлкен күшіміз де осы салада шоғырланған. Сондықтан кәсіпкерлерді қолдау орталықтан бастап, ең төменгі буынға дейін – барлық басшылардың күнделікті жұмысына айналуы керек. Әсіресе, жергілікті әкімдер әр кәсіпкермен жиі кездесіп, кәсіпорындарға барып, олардың мәселелерін жіті назарда ұстауы қажет. Біз қабілеті зор бизнес өкілдерін қорғап, қолдауымыз керек. Олар біз үшін өте құнды адамдар, – деді Шавкат Мирзиёев.
Осы маңызды міндеттерге сүйене отырып, Өзбекстан Республикасы Президентінің жанынан Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі Қоғамдық кеңес құрылды. Бұл кеңес мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы көпір қызметін атқарып, нақты ұсыныстар беріп келеді. Биылдың өзінде кәсіпкерлердің жұмысы үшін өте маңызды 5 заң, 101 жарлық пен қаулы қабылданды.
Жыл қорытындысы бойынша жалпы бөлінген несие көлемі 275 триллион сумды құрайды. 2025 жылы бұл көрсеткіш 300 триллион сумнан асатыны болжанған. Әсіресе, шағын бизнеске берілетін несиелердің үлесі қазіргі 28 пайыздан 40 пайызға дейін арттырылып, 120 триллион сумға жетпек.
Кәсіпкерлердің қажеттіліктерін ескере отырып, банктер 2025 жылы мемлекеттік кепілдіксіз 6 миллиард доллар шетел қаржысын тартуды жоспарлап отыр.
Факторинг қызметінің кеңеюі нәтижесінде биылдың өзінде 100 миллион долларлық осындай қызметтер көрсетілген.
Бизнес үшін жол, су, электр, газ, теміржол сияқты инфрақұрылымдарға биыл 35 триллион сум бөлінген. Ал келесі жылы бұл мақсатқа тағы 43 триллион сум қарастырылған.
Кәсіпорындарды тұрақты энергиямен қамтамасыз ету үшін электр қуатын өндіру көлемі 82 миллиард киловатт-сағатқа жетті. Биыл іске қосылған құны 6,3 миллиард доллар болатын 17 энергия қуатының арқасында келесі жылы шамамен 90 миллиард киловатт-сағат электр өндіріледі. Бұл жұмыстарды жалғастырып, 2025 жылы тағы 6,4 миллиард доллар тұратын 25 жоба аясында 4,8 гигаватт жаңа қуат көздері құрылмақ.
Қазіргі таңда Өзбекстанда тәуелсіз электр энергиясын өндірушілердің саны 24-ке жетті. 2025 жылы электр энергиясының онлайн көтерме нарығы алғаш рет іске қосылады. Самарқанд, Жызақ және Сырдариядағы электр желілері сынақ ретінде жеке секторға беріледі.
Туризм саласы да дамып келеді. Кәсіпкерлердің 6,5 триллион сумдық инвестициясының арқасында 24 мың орындық қонақ үйлер пайдалануға берілді. Келесі жылы бұл көрсеткіш тағы 30 мың орынға артады. Биыл іске қосылған 17 ірі сауда және туристік орталықтардың қатарына келесі жылы тағы 25 осындай кешен қосылады.
Сауданы дамыту мақсатында арнайы компания құрылып, экспортты қаржыландыру үшін 350 миллион доллар бөлінді. Соның нәтижесінде, кәсіпкерлер бұл қаражаттың әр 1 долларынан 6 доллар экспорттық табысқа қол жеткізді. Келесі жылы тағы 300 миллион доллар қарастырылуда.
Кәсіпкерлер биыл 11,5 триллион сумға 3 мың мемлекеттік нысанды және 4 мың гектар жерді сатып алып, өз бизнесін бастады. Келесі жылы тағы 4,5 мың ғимарат пен 6 мың гектар жер кәсіпкерлерге ұсынылады.
Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік монополияда болған жолдарды жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарына жеке секторды кеңінен тарту жүзеге асырылады. Биыл 260 шақырым жолды күтіп ұстау жұмыстары кәсіпкерлерге тапсырылса, келесі жылы бұл көрсеткіш 3 мың шақырымға жеткізіледі. Азия даму банкінің қатысуымен 86 ауданда салынатын 841 шақырым жолды толықтай жергілікті мердігерлер орындайды.
Теміржол саласында цифрландыру және операциялық тиімділікті арттыру нәтижесінде жүк тасымалдау мерзімі 40 пайызға қысқарды. Ең маңыздысы, станцияларда жүктерді тегін түсіру уақыты 2 сағаттан 3 күнге ұзартылғандықтан, кәсіпкерлер жылына 57 миллиард сум үнемдеп отыр.
Авиация саласында жеке компаниялардың саны 14-ке жетті. Қосымша 6 жүк және 16 жолаушылар ұшағы әкелінді. Бұхара мен Наманган әуежайлары жеке серіктестікке берілді, ал Әндіжан мен Үргеніш әуежайлары бойынша тендер әлі жалғасып жатыр.
Мемлекет басшысы қолайлы және тартымды бизнес ортаны сақтау үшін тұрақты салық саясатын жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Атап айтқанда, қазіргі кезде бюджет кірістері қаншалықты маңызды болғанымен, негізгі салық мөлшерлемелері өзгермейді. Сонымен қатар, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жер немесе мемлекеттік мүлік қосымша құн салығынсыз сатылып, мобильді байланысқа салынатын акциз салығы алынып тасталады. Қала шекарасындағы ауыл шаруашылығы жерлеріне екі есе жер салығын есептеу тоқтатылады. Баспа кәсіпорындары пайда салығынан 5 жылға босатылады.
Бұдан бөлек, IT-парк резиденттеріне барлық салық түрлерін төлеуден босату жеңілдіктері 2040 жылға дейін ұзартылса, жеке мектеп және балабақшалар, шетелдік мұғалімдер мен мамандар үшін берілген барлық салық жеңілдіктері 2030 жылға дейін жалғасады.
Белгілі болғандай, Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) мүше болу процесі соңғы кезеңге кележатыр. Осыған байланысты экономикадағы ДСҰ ережелеріне қайшы келетін жеңілдіктер жойылып, кәсіпкерлердің әділ бәсекелестік жағдайында жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалатыны айтылды.
Кәсіпкерлер үшін көлік және логистика мәселесі өте маңызды. Сондықтан көрші елдермен келісімдер негізінде «Ханабад», «Мингтепа», «Қорасу» және «Учқорған» шекара бекеттері қайта қалпына келтірілді. Келесі жылы «Ғишткуприк», «Навои», «Дәуіт-ата», «Шават» және «Гүлбахор» шекара бекеттерінде қосымша дәліздер салынып, өткізу қабілеті 5 есеге артады.
Жалпы, күрделі геосаяси жағдайларға қарамастан, биыл ел экономикасы 6,3 пайызға өсіп, 111 миллиард доллардан асты. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларына 38 миллиард доллар инвестиция салынса, экспорт көлемі 26 миллиард доллардан асты.
Мемлекет басшысы осы нәтижелерге, халықты жұмыспен қамтуда және кедейлікті азайтуда кәсіпкерлердің үлесі зор екенін атап өтіп, оларға ризашылығын білдірді.
Бұл қарқынды жалғастырып, келесі жылы жалпы ішкі өнімді 120 миллиард долларға, экспортты 30 миллиард долларға жеткізіп, 42 миллиард доллардан астам инвестиция тарту жоспарланған.
Бұл мақсаттарға жету үшін кәсіпкерлікке одан да кең мүмкіндіктер беру қажет. Кездесу барысында осы мәселелер талқыланды. Кәсіпкерлер бизнес ережелерін жеңілдету, шикізатты терең өңдеу, қосылған құны жоғары өнім өндіру және экспортты айтарлықтай арттыру бойынша ұсыныстарын айтты. Барлық пікірлер ашық талқыланып, қажетті шаралар айқындалды.
Ең алдымен, жеке секторда жұмыс істейтін азаматтардың табысын арттырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Осы мақсатта, ең төменгі айлық жалақысы 2,5 миллион сумнан кем болмайтын, жұмысшыларының 15 пайызы мұқтаж отбасылардан шыққан, дайын өнім шығаратын тоқыма және былғары кәсіпорындарына жеңілдіктер беріледі. Мұндай кәсіпорындар үшін пайда салығы да, қызметкерлердің кіріс салығы да 1 пайыз болады.
Мемлекет басшысы осындай әлеуметтік талаптарға негізделген жеңілдіктерді басқа салаларға да қолдануға дайын екенін мәлімдеді.
Енді кәсіпкерлер тек банк несиелерімен шектелмей, халықаралық стандарттарға бейімделіп, шетелден тәуелсіз қаражат тартуы қажет. Бұл үшін халықаралық консалтинг компанияларын тартып, кәсіпкерлердің сыртқы қаржы нарығына шығуына көмектесетін арнайы орталық құрылатыны айтылды.
Өзбекстанда жылдық табысы 1 триллион сумнан асатын және 5 мыңнан астам жұмысшысы бар 142 «чемпион» кәсіпкер бар. Олар бір саладан көпсалалы корпорацияларға айналып, қосымша салалардың дамуына да айтарлықтай үлес қосуда.
Осындай әлеуетті кәсіпкерлерді қолдап, өзгелерге үлгі ету мақсатында оларға жер және ғимараттарды тікелей беру, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындарды ұзақ мерзімге басқаруға тапсыру мүмкіндігі ұсынылады.
Дүние жүзіндегі ең бай 10 компанияның 7-еуі ақпараттық технологиялар мен қаржылық қызмет көрсету салаларынан шыққан. Өзбекстанда да осындай компаниялардың көбеюі үшін қолайлы жағдайлар жасалады. Мәселен, зерттеу және дамыту орталықтары (R&D) үшін зертханалық жабдықтар мен технологиялық құралдарды кедендік баж салығынсыз әкелуге рұқсат беріледі.
Еліміздегі мыңға жуық кен орындарында 100-ден астам минералды шикізат қоры бар. Осы кендердің негізінде қосылған құны жоғары өнімдер өндіру мақсатында 2024 жылдың қаңтар айында 400 жаңа кен аукционға шығарылады.
Мақта және астық егісі қысқартылған жерлер 50 гектарға дейінгі ірі лоттармен аукционға қойылып, индустриялық плантациялар құру үшін кәсіби инвесторларға сатылады. Бұл жерлердің әрбір 20 сотық аумағында жылдам мұздату, сұрыптау және қаптау цехтарын салуға рұқсат беріледі.
Кәсіпкерлікке қатысты заңнаманы Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына және қазіргі заман сұраныстарына бейімдеу мақсатында жаңартылған Кеден кодексі жобасы дайындалатыны айтылды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің жобалары мен бастамаларын қолдауға әрдайым дайын екенін ерекше атап өтті.
– Өзбекстандағы кәсіпкерлік қозғалысы артқа қайтаруға болмайтын үлкен күшке айналды. Мемлекет деңгейінде қандай ірі мақсаттар мен міндеттер қойсақ та, оларды іске асыруда бүкіл халқымызбен бірге, ең алдымен, сіздерге сүйенеміз. Кәсіпкерлеріміз қаншалықты бай болса, халқымыз соншалықты гүлденеді, мемлекетіміз соншалықты қуатты болады. Кәсіпкердің жетістігі – бұл бүкіл халқымыздың жетістігі, – деді Президент.