Науаи облысында жоспарланған стратегиялық және ірі жобалардың тұсаукесері өтті

    Мемлекет басшысы Науаи облысында жоспарланған жаңа инвестициялық жобалар тұсаукесерімен танысты.

    Соңғы жеті жылда аймаққа 3 миллиард 500 миллион доллардан астам инвестиция тартылып, нәтижесінде 64 мың 700 жұмыс орны және жылына 1 миллиард 200 миллион долларлық экспорттық әлеует жасалды. Биыл 2 миллиард 100 миллион долларлық 577 жоба жүзеге асырылуда.

    Бұл жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда. Шетелдік инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлердің қатысуымен жалпы құны 26 миллиард 800 миллион долларды құрайтын жүзден астам стратегиялық және ірі жоба қалыптасқан.

    Президентке солардың ішінен 12 жоба таныстырылды.

    Жобаларға АҚШ, Франция, Германия, Австрия, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Қытай, Жапония, Корея, Түркия сияқты елдердің компаниялары инвестиция салуда. Бұл бастамалар химия, энергетика, тау-кен, электротехника, медицина, құрылыс индустриясы, тоқыма және тігін салаларын қамтиды.

    Мысалы, Қытаймен бірлесіп Кармана ауданында жылына 2 миллиард 500 миллион сумдық жоғары қосымша құны бар өнімдер өндіретін жобалар жүзеге асырылады. Химия және құрылыс материалдарына маманданған өнеркәсіп паркін құру, жел генераторлары үшін қалақтар өндіру осы жобаға кіреді.

    Осы ауданда Ресеймен бірге азық-түлік өнеркәсібіне арналған алюминий қаптамаларын шығару инвестициялық бастамасы да қолға алынады. Түркиямен бірлесіп Кенимех ауданында жылына 370 мың тонна фосфоритті өндіру және өңдеу, сондай-ақ фосфор қышқылы мен минералды тыңайтқыштар өндірісі ұйымдастырылады. Ал Австриямен бірге Науаи қаласында жылына 170 мың тонна натрий цианиді мен каустикалық сода өндіру жобасы жоспарланған.

    Аталған жобалар нәтижесінде 17 мың 800-ден астам адам жұмыспен қамтылады.

    Президент бастамашыларға ұйымдастыру-қаржыландыру мәселелерінде қолдау көрсетіп, жобаларды жеделдету бойынша нұсқаулар берді.