Президент денсаулық сақтау саласындағы жетістіктер және жоспарлармен танысты

    Президент Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстар мен 2025 жылға арналған негізгі міндеттер талқыланды.

    Бұл саладағы сапалы өзгерістер қаладан сонау шалғай аймақтарға дейін, балалардан қарттарға дейін барша халықтың өмірінде көрініс табады. Сондықтан бұл салаға бөлінетін бюджет қаражаты жыл сайын көбейіп отыр. Барлық әлеуметтік қызметтермен қатар, медицина да халыққа жақындап келеді. Бастапқы медициналық қызмет көрсету саласында 18 мыңнан астам медициналық бригада құрылды.

    Ауруларды анықтау мен емдеуге заманауи технологиялар енгізілуде. Мамандандырылған медициналық қызметте диагностика әдістерінің саны 500-ден, ал емдеу әдістері 800-ден асты. Жеке медицинаның дамуына кең жол ашылуы нәтижесінде қызмет көрсету ауқымы мен таңдау мүмкіндіктері артты.

    2024 жылы салаға 36 триллион сум бөлінген еді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға көп.

    Бастапқы медициналық қызмет көрсету саласында 6 түрлі скрининг тексерісі енгізілді. Нәтижесінде 106 мың адамда қант диабеті, 194 мың адамда жүрек-қан тамырлары аурулары, 2 мыңнан астам әйелде қатерлі ісік, мыңға жуық балада онкогематологиялы аурулар ерте сатысында анықталды.

    Емдеу сапасы мен тиімділігі ерекше назар аударуды талап етеді. Осы мақсатта 2 мыңнан астам маман шетелде қайта даярлықтан өтті. Нәтижесінде өңірлерде жоғары технологиялық операциялардың үлесі 61 пайызға жетті. 43 бағыт бойынша 191 клиникалық протокол халықаралық стандарттарға сай жаңартылды.

    Биыл мамандандырылған орталықтар мен олардың филиалдарында 100 мың науқас жеңілдік жолдамасы арқылы ем қабылдады. Сонымен қатар, 7 мамандандырылған орталық сапа бақылауы талаптарына сай халықаралық аккредитациядан өтті.

    2025 жылы денсаулық сақтау саласына 41 триллион сум бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаржыға жаңа ауруханалар салу, оларды жабдықтау, қолданыстағы қуаттарды кеңейту және медициналық тексерістерді ұлғайту жоспарланған.

    Мемлекет басшысы бұл саладағы басты міндет – бастапқы медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру екенін атап өтті. Осы мақсатта министрліктің өңірлік жүйесін тиімді пайдалану, әсіресе шалғай және күрделі аудандарға ерекше көңіл бөлу міндеті жүктелді.

    Биыл түркиялық сарапшылар 6 өңірдегі медициналық мекемелердің қызметін және ондағы көрсетілетін медициналық қызметтерді зерттеді. Бұл зерттеулер нәтижесінде халыққа көрсетілетін бастапқы медициналық-санитарлық көмек қызметтерін жүйелі түрде реформалау бойынша ұсыныстар әзірленуде.

    Жауапты тұлғаларға бұл мәселені терең талдап, бастапқы медициналық қызмет көрсету трансформациясы бойынша шешім жобасын дайындау тапсырылды.

    Осы сала қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға арналған бағдарлама жетілдіріліп, теориялық білім мен дағдыны игеруден біліктілікті дамытуға кезеңмен көшу қолға алынады.

    Сонымен қатар, келер жылы медицина қызметкерлерінің жалақысы көтеріледі. Отбасылық дәрігерлерге еңбек өнімділігі негізінде үстемақы төлеу тәртібі енгізіледі.

    Өңірлерге көрсетілетін назар әрі қарай жалғасады. Қарақалпақстан Республикасы мен Науаи, Самарқанд, Бұхара, Хорезм және Қашқадария облыстарында мемлекеттік медициналық сақтандыру жүйесі іске асырылады. Орталықтандырылған зертхана қызметтері кеңейтіледі. Сонымен қатар, медициналық жабдықтарды пайдалануды электронды жүйе арқылы бақылау үшін «Сатып алу орталығы» және оның 13 өңірлік филиалы құрылады.

    Тағы 35 бағыт бойынша 400 ұлттық клиникалық протокол әзірленеді. 7 мамандандырылған орталық пен 2 жоғары оқу орны халықаралық аккредитациядан өтеді.

    Жиында кадр мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, медициналық оқу орындарында білім сапасын жақсарту, оны нақты тәжірибемен үйлестіру және түлектердің бастапқы медициналық қызмет көрсету саласында тәжірибе жинақтауын ұйымдастырудың маңызды екендігі айтылды.

    No date selected
    February 2025
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    Use cursor keys to navigate calendar dates